«Мәдени мұра» аймақтық бағдарламасы аясында «Қызыл қала» бірегей қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл Маңғыстаудың аз зерттелген ортағасырлық тарихы, Ұлы Жібек жолының сауда қатынастары мен дамуы туралы тың деректер алуға мүмкіндік береді.
Таяуда облыстық тарихи мұражайда «Маңғыстау мұрасы» атты жаңа экспозиция ашылады. Экспонаттар ретінде мұнда Маңғыстау өлкесінің бағалы да сирек кездесетін тұрмыстық бұйымдары мен қолөнерінің көшірмелері қойылады. Осы экспозиция үшін мұрағаттардан Маңғыстау қолөнер шеберлерінің сирек жазбалары жинақталды.
Өлкедегі 73 қорым, соның ішінде ЮНЕСКО қамқорлығындағы ескерткіштер тізіміне қосу үшін «Сисем-Ата» қорымы қалпына келтірілуде. Зерттеу жұмыстары облыс әкімі мен Ә.Кекілбаев тең төрағалық ететін және құрамына танымал ғалым-мамандар кіретін ғылыми-әдістемелік кеңестің бақылауында.
«Жол картасы» аясында облыстық қуыршақ театры, облыстық ғылыми-әдістемелік орталық, Бейнеу ауданының Сарға, Маңғыстау ауданының Ұштаған, Шайыр, Қызан және Оңды, Мұнайлы ауданының Қызылтөбе мен Баянды селоларындағы, Қарақия ауданының Жетібай кентіндегі мәдениет үйлері күделі жөндеуден өткізілуде. |