Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Үкіметтің қазіргі және дағдарыстан кейінгі кезеңдегі дамуымыз турасындағы алға қойған мақсат-міндеттерін ескере отырып, облыс әкімінің 2009 жылға арналған Іс-қимыл жоспары қабылданды.
Жоспар қалыптасқан экономикалық жағдайдың ерекшеліктеріне қарай облыстың әлеуметтік-экономикалық даму саясатының екі негізі бағытын белгіледі:
бірінші – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету және еңбекпен қамту стратегиясын жүзеге асыру;
екіншісі – ғаламдық дағдарыстың өңір экономикасына кері әсеріне қарамастан, экономиканы модернизациялау жұмысын жалғастыру.
Бірінші мақсат аясында біз үш негізгі басымдықты белгіледік:
бірінші басымдық - әлеуметтік қорғау жүйесін және еңбек нарығын дамыту, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау;
екінші басымдық – облыс елді мекендерін су, газ, электр қуаты, телефон байланысы және телехабар тарату желісімен 100 пайыз қамту;
және үшінші басымдық - әлеуметтік саланы, ең алдымен, медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту.
Бірінші басымдықты жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджетте 1 млрд. теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылып, қаражат бірінші кезекте микронесиелеу жүйесі арқылы кәсіпкерлікке, тұрғындардың әлсіз топтарына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және үлескерлер мәселелерін шешуге жұмсалды.
Бұл ретте біз шешуге тиіс ең басты мәселе – жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, олардың санын жедел көбейту еді. Бұл міндет ойдағыдай орындалып келеді.
Республика Үкіметі осы мәселені жүйелі шешу мақсатында «жол картасы» атты арнайы іс-қимыл жоспарын қабылдағанын білесіздер.
Аталған жоспар аясында Маңғыстауда іске асатын жобаларға республикалық және облыстық бюджеттен 6 млрд. 737 млн. теңге бөлінді.
Жыл басынан бері тұрғындардың арнайы белгіленген топтарына, атап айтсақ, тұрмысы төмен азаматтарға, жалғызбасты аналарға, зейнеткер жасына жақын адамдар мен мүгедектер үшін 4500 жаңа жұмыс орны, сондай-ақ 1030 әлеуметтік жұмыс орны ашылды.
Колледждер мен жоғарғы оқу орындардың 430 түлегі тәжірибе жұмыстарына жұмылдырылды. Бұл жастардың кәсіпке машықтанып, жұмысқа тұруына және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жол картасы» аясында тұрғындарды еңбекпен қамту мәселесін шеше отырып, жолдарды, тұрғын үй және коммуналдық инфрақұрылымды, қала, аудан, ауылдардағы 37 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру және жөндеу, сондай-ақ елді мекендерді санитарлық тазалау мен абаттандыру шаралары жүзеге асырылуда.
Еңбекпен қамту мәселесін шешуге инфрақұрылымдық және индустриялдық жобалардың жүзеге асырылуы да септігін тигізуде. Соның арқасында облыста осы уақытта 6800 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сөйтіп, біз тек жарты жылдың ішінде ғана 11 мың 300 жаңа жұмыс орнын құрдық, бұл - өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 2 есе артық. Ағымдағы жылдың аяғына дейін 22 мың немесе 2008 жылмен салыстырғанда 3 есе артық жұмыс орны құрылатын болады.
Ішкі еңбек нарығын қорғау үшін биыл шетелден жұмыс күшін тарту квотасы 2008 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге кемітілді. Жұмыс күшін сырттан әкелуші компаниялар өз азаматтарымыз үшін 2074 жаңа жұмыс орнын ашты, 3 976 жұмыскер дайындықтан өтіп, біліктілігін арттырды, 304 шетелдік жұмыскер жергілікті мамандармен алмастырылды.
Барлық атқарылған шаралар арқылы біз тіркелген жұмыссыздық деңгейінің 0,8 пайыздан аспауын қамтамасыз еттік.
Қазіргі орташа айлық еңбекақы мөлшері – 111 мың теңге құрады (740 АҚШ доллары), бұл өткен жылғыдан 28%-ға артық.
Әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау мақсатында заңмен белгілен көмектен тыс, облыстық бюджет мүмкіндіктеріне қарай берілетін қосымша әлеуметтік төлемақылар тегіс сақталды.
Биыл мұндай көмек алатын азаматтар үшін әлеуметтік такси, тауарлар мен қызмет түрлері ең төменгі бағамен берілетін дәріханалар және дүкендер ұйымдастырылды.
Бірер күн бұрын ғана мүгедек балаларға арналған 210 орындық облыстық интернат-үйі, сондай-ақ жүйке жүйесі ауыратындардың интернат-үйі жанынан 100 орындық қосалқы ғимарат іске қосылды.
Облыстық мүгедектерді бейімдеу орталығы құрылысының бастапқы жобалық құжаттары дайындалуда.
Барлық ірі және орта кәсіпорындармен жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Нәтижесінде осы кәсіпорындарда жылдың бірінші жартысында жұмыскерлерді қысқарту болған жоқ, еңбекақы уақытында төленіп келеді. Ал 17 жағдайы көмек қажет ететін кәсіпорындарға қолдау көрсету үшін Айтқұлов А.Б. мырза басқарған әкімдіктің арнайы жұмыс тобы тиянақты жұмыс атқаруда. |