2009 жылы денсаулық сақтау саласына 11,9 млрд. теңге – 2008 жылғыдан 2,1 млрд. теңгеге артық қаражат бөлінді.
Қарқынды экономикалық даму мен көптеген әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешудің үлгісі болып отырған облысымызда, өкінішке орай, ана мен бала өлімінің көрсеткіші әлі де төмендемей келеді.
Осыған байланысты 2009 жыл «Ана мен бала жылы» деп жарияланғанын білесіздер.
Биылғы жартыжылдықта облыстағы шетінеген сәби саны өткен жылмен салыстырғанда біршама азайды (2008 ж. – 157 сәби, 2009 ж. – 153 сәби). Сараптамаларға сүйенсек, қайғылы оқиғалардың негізі себептерін адам еркінен тыс, тосын жағдайларға жатқызуға келмейді.
Уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетілген жағдайда, осы оқиғалардың 60 пайызының алдын алуға болар еді.
Ана өлімі көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға азайған, бірақ орташа республикалық көрсеткіштен 1,4 есе артық.
Мәселені түбегейлі шешуге міндеттіміз. Қажетті қаражат бөлініп жатыр. Босану және балалар мекемелерінде жаңа медициналық дәрі-дәрмектер пайдаланып, материалдық-техникалық базалары қажетті құралдармен жабдықталуда.
Облыста бала туу көрсеткішінің артуына байланысты Ақтау қаласында 60 орындық перзентхана ашылды. Бейнеу селосында 40 орындық перзентхананың құрылысы жүріп жатыр. Облыстық балалар ауруханасына қосалқы салынған 60 орындық корпус толығымен іске қосылды. Енді екінші блогы күрделі жөндеуден өткізілуде.
Облыстық сәбилер үйі мен Қарақия аудандық аурухананы қайта салу жұмыстары аяқталды.
Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарын тарту арқылы «Ана қауіпсіздігі» бағдарламасын енгізу жұмыстары басталды.
«Шағала» емдеу-демалыс орны жанынан балаларға, жүкті әйелдер мен жаңа босанған аналарды оңалту бөлімін құру мәселесі шешілуде.
Облыс әкімдігінің бастамасымен биыл «10 аула» жүйесі енгізілді. Барлық мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелеріне жүкті әйелдерді медициналық бақылауға дер кезінде алу үшін үнемі әрі жүйелі түрде аралап тұратын учаскелер бөлінді. Жалпақ тілмен айтқанда, біз болашақ аналарды емханаларға жетектеп әкеліп, тіркеуді ұйымдастыруымыз қажет.
Бәлкім, бұл қарабайыр тәсіл болар. Өзінің және бала-шағасының денсаулығы үшін әр адамның өзі жауапты екені белгілі-ғой. Алайда, бұлай етпеске амал қалмады. Біз тұрғындардың денсаулық сақтау мәдениетін көтермейінше, осындай шараларға жүгінуімізге тура келеді.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сүйенсек, адамның денсаулығына қоршаған орта мен тұқым қуалау факторының әсері 20% ғана құрайды, медициналық қызмет сапасы – 10% ғана әсер етеді, жеке тұрмысын ұйымдастыру, салауатты өмір салтын сақтауы - 50% әсер етеді екен.
Яғни, медицина қызметкерлері тұрғындар арасындағы түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі керек. Бұл ретте, биыл барлық аудандар мен Жаңаөзен қаласында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының филиалдары ашылды.
Өткен жылы басталған жүрек-қан тамырлары ауруларын азайту шаралары биыл да жалғасын тапты. Көрсеткіштер жағдайдың тұрақтанғанын айғақтайды. Таяу арада қайта салынған облыстық ауруханада кардиохирургиялық бөлім ашылады. Бұл жаңа медициналық құралдармен жабдықталған заманауи кешен болмақ. Оған Денсаулық сақтау министрлігі 482 млн. теңге мақсатты трансферттер бөлді.
Мұның сыртанда, облыста кардиологиялық орталық салу мүмкіндіктерін қарастырудамыз.
Туберкулез дертіне шалдыққандар көрсеткіші жылдан-жылға азайып келеді. Дегенмен, көрсеткіштер әлі де орташа республикалықтан жоғары.
Бұған облыс аумағында орналасқан Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің арнайы мекемесі айтарлықтай кері ықпал етіп отыр. Бүгінгі таңда тиісті министрліктермен осы мекемені жабу жөніндегі келісімге қол жеткізілді.
Туберкулезге қарсы мекемелер қайта құрылды. Түпқараған ауданында туберкулезге қарсы аурухана жанынан симптомдық емдеуді қажет ететін созылмалы ауруға шалдыққандарға арналған ауданаралық аурухана құрылды. Маңғыстау аудандық туберкулезге қарсы аурухана жанынан симптомдық емдеу талап ететін науқастарға арналған аурухана іске қосылды.
Құрық селосында вираждық балаларға арналған 300 орындық санаториалық үлгідегі облыстық мектеп-интернат пен 75 орындық балабақша құрылысының жобасы жүзеге асырыла бастады.
Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде дерттің жұқтырғыш формасына шалдыққан науқастарды мәжбүрлеп емдейтін 20 орындық бөлім ашылды. Ендігі кезекте аурудың ошағы бола тұра емделгісі келмейтін адамдар соттың шешімімен осы бөлімде мәжбүрлі түрде сауықтырылатын болады.
Республикалық «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Ақтау қаласында облыстық қан орталығы мен 100 орындық онкологиялық диспансердің, сондай-ақ Маңғыстау ауданы Шетпе селосында 150 орындық аудандық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Қарақия ауданы Құрық селосында кезегіне 250 адам қабылдайтын емхананың, Бейнеу ауданы Боранқұл селосындағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы аяқталуға жақын.
«Жол картасы» аясында облыстық аурухананың «В» блогы қайта салынып, энергоблогының құрылысы жүргізілуде.
Облыстық инфекциялық аурухана, Е.Оразақов атындағы облыстық туберкулезге қарсы санаторий мен облыстық стоматологиялық орталық күрделі жөндеуден өткізілуде.
Қайтадан іске қосылып жатқан денсаулық сақтау нысандарының, құралдар мен инженерлік желілерді жөндеу және техникалық қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы мемлекеттік мекеме құрылды. Қорыта айтқанда, Қараев Ж.А, Мусинов С.Р. мырзалар мен барлық деңгейдегі әкімдер облыстың денсаулық сақтау саласында әлі де қажетті нәтижеге жетпегені, міндеттерін орындау үшін аянбай еңбек етуді қамтамасыз етуге толыққанды шаралар алудың қажеттігін түсінуі керек. |