Сапалы білім – қоғамның әлеуметтік-экономикалық, интеллектуалдық және рухани дамуының ғана басты стратегиялық факторы емес, сонымен бірге елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басты тетігі екені бәрімізге аян.
Сондықтан, білім беру саласындағы сапаны көтеру – негізгі басымдық болуы тиіс.
Биылғы ұлттық бірыңғай тест нәтижелері орта білім жүйесіндегі біздің қам-қарекеттеріміздің дұрыстығын тағы көрсетті.
Биыл облысымыз былтырғы алтыншыдан бесінші орынға көтерілді. Жүз баллдан асқан және «Алтын белгіге» ие болған оқушылар саны екі есе артты. Республика бойынша ең жоғарғы балл (125) жинаған сегіз баланың қатарында біздің де оқушымыз – бейнеулік Ақниет Байбозтегі де бар. Облысымыздың 6 мектебі республикадағы 100 үздік мектеп санатына кірді.
Білім беру сапасы бойынша облыс республикада төртінші орын алып, былтырғыдан бір саты жоғарылады.
2009 жылы облысымызда алғашқы рет республикалық пәндер олимпиадасы өтті. Облыс атынан олимпиадаға қатысқан 37 оқушының 23-і жүлделі орындарға ие болды. Командалық есепте облыс республика өңірлері арасында үшінші жүлделі орын иеленді. Мұндай жоғары жетістікке облысымыз алғашқы рет қол жеткізді.
Жоғары жетістіктерге жетуімізде биыл аудандар мен қалалардан 1012 оқушыны дайындаған облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының үлесі зор.
Облыстың барлық мектептерінде бірінші сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Қазір Білім және ғылым министрлігімен 2010 жылы бастауыш сыныптарды (1-4 сыныптар) толық тегін ыстық тамақпен қамту мәселесін қарастырудамыз.
Мектепке дейін білім жүйесін дамыту мақсатында «Балабақшаға барамыз» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Жаңаөзен қаласының іргесіндегі Теңге селосында 280 орындық, Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында 140 орындық, Қарақия ауданы Құрық селосында 280 және Сенек селосында 50, Маңғыстау ауданы Қызан селосында 80 орындық балабақшалардың құрылысы аяқталып қалды.
Осылайша биыл 1990 орындық 11 мектепке дейінгі мекеме қолданысқа беріледі.
Жалпы саны 1160 баланы қамтитын 6 балабақшаны қайтарып алу жұмыстары жүргізілуде.
Техникалық кәсіптік білім беруді қолдау және дамыту шаралары жалғасуда.
Соңғы үш жылда облыста 7 колледж бен кәсіптік лицей ашылды. Облыстық бюджет есебінен техникалық кәсіптік маман дайындауға мемлекеттік тапсырыс 1057 шәкіртке артты. Қазір мемлекеттік тапсырыс бойынша 2560 бала оқуда. Аталған білім беру мекемелері 95 кәсіпке оқытады, оның дені – техникалық мамандықтар.
Кәсіптік техникалық білім беру орындарының түлектерін дайындау, жұмысқа орналастыру, өндірістік тәжірибе ұйымдастыру ісіне облыс кәсіпорындары белсенді араласуда. Осы мақсатта облыс кәсіпорындарымен әріптестік жөнінде 113 келісім-шарт, меморандумдар мен тікелей келісімдер бекітілді.
Колледждер мен лицейлерде «жол картасы» аясында мамандар даярлау және қайта даярлау курстары ашылды. Жұмыстан қысқарған, жұмыссыздар мен оралмандар қатарынан 4239 маман даярлау, кәсіпорындардағы бос орындарды толтыруға 260 және шетелдік мамандарды алмастыруға 1675 маманды қайта даярлау жоспарланды. Білім алушыларды ынталандыру мақсатында биыл оларға 7500 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалды.
Жалпы, бастапқы және орта кәсіптік білім беруді дамытудың аймақтық бағдарламасына ағымдағы жылы 1 млрд. 323 млн. теңге бағытталды, бұл – 2008 жылмен салыстырғанда 2 еседей артық.
«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов селосында 320 орындық, Жаңаөзен қаласы Бостандық шағынауданында 300 орындық орта мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Бейнеу селосындағы 320 орындық орта мектептің құрылысы жалғасуда. Ақтау қаласында 600 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған, 200 орындық интернаты бар мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Бейнеу және Құрық селоларында 200 орындық жатақханасы бар 400 оқушыға арналған кәсіби-техникалық лицейлердің құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
«Жол картасы» аясында 25 білім беру нысаны, соның ішінде 15 орта мектеп, 7 балабақша, 2 арнайы мектеп-балабақша кешені мен бір кәсіптік лицей күрделі жөндеуден өтуде.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті бас корпусының құрылысы аяқталып қалды. |