Жеке тұрғын үй құрылысы шоғырланған аудандар қарқынды өсіп келеді. Осы жарты жылдың өзінде ғана жеке тұрғын үй салу мақсатына 2 мыңдай жер телімі бөлінді. Жыл соңына дейін тағы осындай көлемде жер бөлінбек.
Келісім бойынша, жеке тұрғын үйге арналған жер телімдері инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым болған жағдайда ғана бөлінуде. Биыл мұндай инфрақұрылым құрылысына бөлінетін бюджет қаражаты өткен жылғыдан 650 млн. теңгеге артты.
Облыс тұрғындарын орналастыру жоспары, соның ішінде «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша орналасу ерекшеліктерін ескерумен дайындалған Шетпе және Бейнеу аудан орталықтарының бас жоспарларын жасақтау аяқталуға жақын.
Биыл мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыра бастадық. Дағдарысқа қарамастан, тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдеген жоқ. Жарты жылда 224 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл - өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артық.
Ақтау қаласында бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған 228 пәтерлі үш үйдің құрылысы аяқталуға жақын, тағы 100 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.
Жаңаөзен қаласында 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып қалды және 200 пәтерлік тұрғын үй салына бастады.
Түпқараған ауданында екі 8 пәтерлік және Мұнайлы ауданында 2 пәтерлік он үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен «Заветная мечта-1» тұрғын үй кешені үлескерлеріне мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Үлескерлер мәселесін шешуде біз, ең бірінші, заңдылық пен бюджеттің тарапынан көрсетілер көмекті талан-таражға салдырмауға аса назар бөлуге міндеттіміз. |